«Көркем сөздің жұлдызы» атты Абылай Маудановтың поэзиялық кеші

Жуырда Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Қостанай қаласы әкімдігінің  білім бөлімінің №15 орта мектебінде ақын, сатирик, халықаралық «Шабыт» шығармашылық фестивалінің гран при иегері, «Хабар 24 » арнасының  Қостанай қаласындағы тілшісі Абылай Маудановтың  поэзиялық кеші болып өтті.

Кешке ақын өнердегі әріптесі, жерлесі, киелі Торғай жерінің тумасы Жандос Жүсіпбековпен бірге келді. Кездесуге мектебіміздің 7 -11 сыныптар және мектеп мұғалімдері қатысты. Кеш барысында ақын өзінің өмір жолынан сыр шерте отырып,осы өнерге неліктен келгені жайлы былай деді:

  • «Өнерсіз адам болса да, өнерсіз қазақ болмайды» дегендей әрбір қазақтың бойында өнер бар. Тек сол өнерді әрқашан жетілдіріп отыру қажет. Мен де сол жастайынан өнерге жақын болып, көп өлең оқыдым. Оларды жаттап алатын қабілетім де болды. Бір сәтте «Неге осы ұлы ақындарымыз сияқты жайлы өлең шығармасқа?» деп өлең шығара бастадым.

Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша ақын өз ойын білдіріп, біздің қаламызда қандай ауқымды іс- шаралар өтіп жатқандығы жайлы:

  • Рухани жаңғыру бағдарламасы Елбасымыздың үлкен реформасы деп айтсақ та болады. Бұл ой толғауының маңызы, түп – тамырымызды, әдебиетімізді,тарихымызды  танып білу. Біздің қаламызда бұл бағдарлама барысында өзімнің қосқан үлесімді айтар болсам, Шақ – шақ Жәнібек бабамыздың өміріне байланысты барлық деректер жинастырылып, облыстық соттың төрағасы Арыстанбек Мирғалиев ағамыз екеуміздің авторлығымызбен кітап жарыққа шығады. Жақын арада оқырман қауымға таратылады, – деп айтып өтті.

Өнер жолының қыр сырын тыңдай отырып , мектеп оқушылары көкейлерінде жүрген сан түрлі сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Ақын оқушыларға ілтипатын білдіріп, өзінің бала кезде алғаш жазған өлеңдерін оқып берді. Кеш соңында  ақын оқушыларға өз тағылымын айтып, естелік суретке түсті.

Кеңесбай Эльмира Ғаниқызы

№15 орта мектебінің  аға тәлімгері